Астанада "Тасымалдаушы" жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр
Астанада "Тасымалдаушы" жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада жүргізушілер арасындағы көлік тәртібін арттыруға бағытталған "Тасымалдаушы" жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Шара жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдауды бақылауды күшейту, сондай-ақ жолаушылар мен жүк тасымалының заңсыз фактілерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған.
Өткен демалыс күндері полицейлер мопедтерге қатысты екі құқық бұзушылықты тіркеді. Атап айтқанда, тәртіп сақшылары мопед басқарған 19 жастағы азаматты ұстады. Ол мопедтің құрылымын, нақтырақ айтқанда, шығару жүйесін өздігінен өзгерткен. Бұл – ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады.
Сондай-ақ полицейлер алкогольдік мас күйінде көлік басқарған 50 жастағы ер адамды ұстады. Медициналық куәландыру оның мас екенін растады. Бұл әрекеті арқылы ол жол қозғалысы ережелерін бұзған. Аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Жыл басынан бері жол ережесін бұзудың 1400-ден астам дерегі тіркелсе, олардың ішінде 400-ден астам көлік айыптұраққа қойылған.
"Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы 21-23 шілде аралығында өтеді. Осы күндері автожолдарда полиция жасағы мен мобильді топтардың саны көбейтілді.
"Заң және тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында ішкі істер органдары қызметінің басты ұстанымы. Құқық бұзушылар заң алдында міндетті түрде жауап береді.