Астанада Тәжікстан делегациясымен кездесу өтті
Астана қаласының полиция департаментінде Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Душанбе қаласы бойынша басқармасының делегациясымен ресми кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуді Астана қаласы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Орынбетов құттықтау сөзімен ашты. Ол қонақтарға елордадағы қоғамдық тәртіпті сақтау тәжірибесі мен жаңа форматтағы полиция қызметі туралы қысқаша баяндап өтті.
Кездесуде “Патрульдік қызметті ұйымдастыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету” тақырыбында жан-жақты айтылды. Қазақстандық тарап патрульдік полицияның күнделікті қызметі, жаяу және автопатрульдердің бағыттары, жедел басқару орталығымен өзара байланыс жүйесі, сондай-ақ бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында:
— Ірі мәдени және спорттық іс-шараларда қауіпсіздікті ұйымдастыру алгоритмдері;
— Қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу әдістері;
— Криминогендік ахуалға жедел әрекет ету тәсілдері талқыланды.
Қонақтарға полиция департаментінің құрылымы мен жедел қызметтің негізгі бағыттары таныстырылды. Делегация мүшелері Астана қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығында, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен және басқа да бөлімшелерде болып, олардың заманауи техникамен жарақтандырылу деңгейін көрді.
Сапар барысында тәжікстандық делегация Астананың мәдени және тарихи нысандарын аралады. Қонақтар “Бәйтерек” монументін, Орталық мешітті және бірқатар музейлерді тамашалады.
Тәжікстан делегациясы қазақстандық әріптестерінің кәсіби даярлығын, патрульдік қызметтің тиімділігін және қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің жоғары деңгейін атап өтті.
— Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен іс-қимылдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Астана қаласы ПД бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Орынбетов.