Астанада тілші бір күнін патрульдік полициямен бірге өткізді
Астанада "Заң мен тәртіп" аясында газет тілшісі полициямен бірге қызметке шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада "Заң мен тәртіп" қағидаты шеңберінде іс-шара өтті. Оның аясында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге бір күн бойы олардың күнделікті жұмысымен танысты.
"Сақшы" газетінің тілшісі Сүйкім Аяпбергенқызы тәртіп сақшысының рөлін қабылдап, патрульдік полицияның жоспарлау жиналысына қатысты, шақыртуларға бірге барды, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын өз көзімен көрді.
Бір күндік қызмет барысында ол:
жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушіні тоқтатып, түсіндіру жұмысына куә болды;
құжаттарын үйінде ұмытып кеткен автокөлік иесімен профилактикалық әңгімеге қатысты;
"102" арнасына түскен қоңыраулар бойынша оқиға орнына бірге барды.
Бұл тәжірибе журналистке патрульдік полиция қызметінің әр сағат сайын түрлі жағдайға дайын болуды талап ететінін, олардың міндеті тек жол қозғалысын қадағалаумен шектелмей, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты кең ауқымды жұмыстарды қамтитынын айқын көрсетті.
Шараның негізгі мақсаты – полиция жұмысының ашықтығын арттыру, құқық қорғау органдарының қызметін қоғамға жан-жақты әрі шынайы көрсету. Мұндай тәжірибе БАҚ өкілдеріне тек ақпарат таратушы ғана емес, полиция қызметінің күнделікті қарбалас тіршілігінің тікелей қатысушысы болуға мүмкіндік берді.
Жоба журналистер мен блогерлерге ішкі істер органдарының жұмысын ішінен танып, қызметкерлердің күнделікті міндеттерін орындауға қатысуға жол ашады. Бұл – құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған бастама.