Астанада тұрғын жаңа танысының телефонын ұрлап кеткен
Астана қаласының тәртіп сақшылар жаңа танысқан әйел адамның телефонын ұрлап кеткен алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, ол кешкі уақытта оң жақ жағалаудағы көңіл көтеретін мекемелердің біріне уақыт өткізу үшін келген. Сол жерде бейтаныс ер адаммен танысып, араларында әңгіме өрбіген. Отырыс соңында қаскүнем қоңырау шалу сылтауымен одан телефонды бере тұруын өтінген. Кейін біреумен сөйлесіп жатқан кейіп танытып, Орро телефонын алып көзден таса болған.
Сарыарқа ауданы полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталатын болады.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.