Астанада тұрғындарды балабақшадан орын алып беремін деп алдаған күдікті ұсталды
Астаналықтардың балаларын балабақшаға орналастыруға уәде берген алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұра аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордада бірқатар алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Орал қаласының 26 жастағы тұрғынын анықтады.
Белгілі болғандай жас келіншек ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік балабақшадан орын алып беруге уәде берген. Ол мектепке дейінгі мекемеге балаларды орналастыруға көмектесетін көптеген байланыстары туралы әңгімелерімен азаматтарды сендірген.
Балабақшалардан орын алуды күтпестен, зардап шеккендер полицияға жүгінген. Бүгінге дейін полицияға алданып қалған 12 азамат хабарласып, алаяққа 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ақша берген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның елордада осыған ұқсас қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қаласының полицейлері азаматтарға абай болуға және бейтаныс азаматтарға ақша аудармауға кеңес береді.