Астанада туристік полицейлер шетелдік қонақтарға көмек көрсетті
Астанада туристік полицейлер шетелдік қонақтарға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанадағы туристік полиция қызметкерлері елордаға келген шетелдік қонақтарға қаламыздың көрікті орындарын таныстырып, қажетті бағыт-бағдар беруде.
Гана Республикасынан келген турист "Бәйтерек" монументі туралы және Астана қаласында қай жерде серуендеуге болатынын сұрап жүгінді. Туристік полиция инспекторы Асылбек Жұбат оған "Бәйтерек" монументінің тарихы мен ерекшеліктерін түсіндіріп, сондай-ақ EXPO аумағы, Бейбітшілік және келісім сарайы, "Хан Шатыр" сауда-ойын-сауық орталығы, Есіл жағалауы сияқты басқа да көрікті жерлер туралы әңгімеледі.
Қонаққа ұлттық тағамдардан дәм тата алатын мейрамханалар мен дәмханаларды ұсынып, қазақ ұлттық асханасының ерекшеліктерін таныстырды. Естелік ретінде полицейлер туристке қаланың туристік картасы және Red Bus бағытының картасы табыстады.
Кейін, Эфиопиядан келген шетел азаматы туристікк полицияға жүгініп, Астананың негізгі көрікті жерлері және көздеген нысанының мекенжайы жөнінде сұрады. Тәртіп сақшысы елорданың танымал нысандары туралы жан-жақты ақпарат беріп, қажетті мекенжайды түсіндірді. Одан кейін туристің өтініші бойынша орналасқан жерге дейін такси шақырылып, қауіпсіз жетуіне жәрдем көрсетілді. Қала қонағы көрсетілген көмек үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Екі жағдайда да полиция қызметкері шетелдік азаматтарға сыпайы түрде кеңес беріп, олардың қалада еркін бағдарлауына және уақытын тиімді өткізуіне көмектесті. Туристер Қазақстан полициясының ашықтығына және қонақжайлығына алғыстарын айтып, қызметкерлерге табыс тіледі.
Туристік полиция шетелдік қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ете отырып, сонымен қатар елорданың туристік имиджін нығайту бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр.
