Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада туристік полиция іссапармен келген Германия полицейіне кеңес берді

Астанада туристік полиция іссапармен келген Германия полицейіне кеңес берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада қызметтік іссапармен жүрген Германия полициясының қызметкері бос уақытында елорданы аралап көргісі келіп, туристік полиция қызметкері Айгерім Ибраимовадан қаладағы көрікті орындар туралы кеңес сұрады. Қызмет бабында шетелдіктермен жиі жұмыс істейтін Айгерім ағылшын тілінде өз әріптесін жылы қарсы алып, оған Астананың танымал орындарын ғана емес, қаланың рухы мен ерекшелігін сезіндіретін нысандарды да ұсынды.

Ол ең алдымен елорданың символына айналған "Бәйтерек" монументіне баруды ұсынды. Мұнда қонақтар Қазақстанның тәуелсіздік идеясын бейнелейтін архитектуралық шешіммен танысып, қаланы биіктіктен тамашалай алатынын айтты. Содан кейін Германиялық қонақтың назарын "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрына, Бейбітшілік пен келісім сарайына, әлемнің түрлі елдерінен келген адамдардың басын қосатын Бейбітшілік қалашығы ретіндегі рөліне, сондай-ақ ерекше архитектурасымен көз тартатын "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығы мен сол жағалаудағы заманауи ғимараттарға аударды.

Әңгіме барысында Айгерім тек нысандарды тізіп қана қоймай, олардың әрқайсысына байланысты шағын қызықты деректермен бөлісті. Сонымен қатар ол қонаққа жаяу серуендеу үшін Нұржол бульвары, Есіл жағалауы, кешкі уақытта қала шамдарын тамашалауға қолайлы орындарды ұсынды. Қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Шетелдік әріптесіне қаланы аралау кезінде жеке заттарға мұқият болу, жаяу жүргінші өткелдерін пайдалану, қоғамдық көлікті қолдану тәртібі және төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел қызметтерге қалай жүгіну керектігі туралы кеңестер берді.

Германиялық полицей астаналық туристік полиция қызметкерінің кәсібилігі мен ашықтығын жоғары бағалап, ұсынылған бағыт бойынша қалаға серуендеуге ниет білдірді. Ол Астананың заманауи, қауіпсіз және қонақжай қала екеніне көз жеткізгенін атап өтіп, көрсетілген көмек үшін алғыс айтты. Туристік полиция қызметкерлері елордаға келген шетел азаматтарына тек құқықтық қолдау ғана емес, қаланы ыңғайлы әрі қауіпсіз аралауға көмектесетін ақпараттық сүйемелдеу де көрсетілетінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру