Астанада тұтынушыларды құрылыс дүкенінің бұрынғы қызметкері алдап кеткен
Астанада тұтынушыларды құрылыс дүкенінің бұрынғы қызметкері алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктінің сәуір айында дүкеннен жұмыстан шығарылған 29 жастағы ер адам екені белгілі болды. Дүкеннің бұрынғы қызметкері мақсатты түрде тұтынушыларды алдауға кіріскен. Ол өзінің ойын іске асыру мақсатында сату орнының арнайы формасын киіп, дүкенге келген. Сауда алаңында сатушы атын жамылып, келушілерге тауарға жақсы жеңілдік жасап, құрылыс материалдарын айтқан мекенжайына жеткізуге уәде берген.
Жалған сатушыға сенген тұтынушылар оған ақша аударған. Осылайша, Астана тұрғыны полицияға арызбен жүгініп, құрылыс дүкенінің қызметкері тауарға жеңілдік ұсынып, 236 мың теңге көлеміндегі қаражатты иемденіп алғанын айтқан. Қазіргі уақытта ер адамның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен төрт азамат белгілі болды. Байқоңыр аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ер адам ұсталып, кінәсін мойындады.
Алаяқтық фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.