Астанада тыныштықты бұзған тұрғындар анықталды
Астанада тыныштықты бұзу фактісі бойынша бір түнде 30-дан астам хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада сақшылар түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін бір түнде 30-дан астам, жылдың басынан бастап мыңнан аса әкімшілік хаттама толтырды.
Мысалы, соңғы оқиғалардың бірі бойынша қалалық тұрғындар полицияға жеке үйдің ауласынан қатты музыка шығып, түнгі тыныштық бұзылғаны туралы шағым түсірді. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, тәртіп бұзушылықты тіркеп, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша хаттама толтырды.
Астана қалалық полиция департаменті ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді. Егер бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін артады.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тыныштықты бұзу фактілері бойынша азаматтар 102 нөміріне хабарласып, шағым бере алады. Полиция бұл бағытта алдын алу шараларын күшейтіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.