Астанада тыныштықты бұзу фактілерін анықтау үшін рейдтер жүргізіліп жатыр
Астанада тыныштықты бұзу фактілерін анықтау үшін рейдтер жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаменті тұрғындардың тыныштығын сақтау мақсатында түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілеріне тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауда. Азаматтардың демалыс құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау – құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі.
Жыл басынан бері елордада 25 мыңнан астам тыныштықты бұзу дерегі тіркелді. Бұл құқық бұзушылықтардың басым бөлігі тұрғындардың шағымдары негізінде анықталған.
Мәселен, Алматы ауданының тұрғындары түнгі сағат 01:30 шамасында көпқабатты үйдің ауласында көлік ішінен қатты музыка қосып отырған жастар туралы хабарлаған. Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері екі азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша ескерту жасады.
Сондай-ақ жөндеу жүргізіп жатқан пәтер иесі кешкі сағат 23:00-ден кейін де бұрғылау жұмыстарын жалғастырған. Көршілерінің бірнеше мәрте ескерту жасағанына қарамастан, жұмысын тоқтатпаған. Полиция қызметкерлері хаттама толтырды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды түнгі уақытта (сағат 23:00–06:00 аралығы) тыныштықты сақтауға, өзгелердің тыныштығына құрметпен қарауға шақырады. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың бір-бірінің құқықтарын бұзбауы маңызды.
Полиция ескертеді: егер сіз тыныштықты бұзу дерегіне куә болсаңыз, дереу “102” нөміріне хабарласыңыз. Түскен әрбір шағым назардан тыс қалмайды. Қоғамдық тәртіп – ортақ жауапкершілік. Азаматтық мәдениет пен өзара сыйластық – бейбіт әрі жайлы орта қалыптастырудың негізі.