Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада ұландықтар бұзақыны қолға түсірді

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өткір затпен қаруланған ашулы ер адамнан жасөспірімдерді құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға  кешкі уақытта Есіл өзенінің жағалауындағы қонақ үйлердің бірінің жанында болған. Сол кезде әскери жасақтың бастығы қатардағы Абзал Ерғали, патрульдеушілер қатардағы Әлихан Аман және Тахир Жайық өздеріне жүктелген аумақта патрульдік қызмет атқарып жүрген.

Шамамен сағат 21:00-де жасөспірімдер ұландықтарға жүгінген. Олардың айтуынша, жат қылық танытқан белгісіз ер адам оларды пышаққа ұқсас өткір затпен қорқытып, шабуыл жасауға әрекеттенген.

Ұландықтар оқиға туралы әскери жасақтар бойынша кезекші аға сержант Бекжан Дәулетбайға дереу хабар берді. Әскери қызметшілер оқиға орнына жедел жетіп, шабуылдаушыны ұстады.

– Жасөспірімдердің қатты қорқып қалғанын және оларға көмек қажет екенін көрдік. Уақытымыз тығыз еді. Ер адам агрессивті әрекет жасап, өткір затпен қолын сермеп, қорқыту сөздер айтып жатты. Біз нұсқаулыққа сәйкес әрекет еттік: оның назарын басқа жаққа аударып, қаруын тартып алып, залалсыздандырдық, – деді қатардағы Абзал Ерғали.

Бұзақы ұсталып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру