Астанада Ұлттық ұланның "Жас Бүркіт" сыныбының оқушылары ант қабылдады
Астанада Ұлттық ұланның "Жас Бүркіт" сыныбының оқушылары ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының №91 мектебінде 7 сынып оқушыларының "Жас Бүркіт" және "Жас Айбын" әскери-патриоттық сыныптары үшін салтанатты ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ардагерлері, құрметті қонақтар мен ата-аналар арнайы шақырылды. Бұл рәсім жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және әскери-патриоттық рухты нығайту мақсатында өткізілді.

Салтанатты шара барысында оқушылар Отанға адал болуға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, тәртіпті сақтауға және білім алуда табанды болуға ант берді. Сонымен қатар оқушылар саптық дайындық элементтерін көрсетіп, ұйымшылдық пен тәртіптің жоғары деңгейін көрсетті.
Ұлттық ұлан ардагерлері жас сарбаздарға патриоттық тәрбие жөнінде тағылымды сөз сөйлеп, ел қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті. Ата-аналар мен қонақтар оқушылардың дайындықтарына жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты ант қабылдау рәсімі оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерін қалыптастыруға үлкен серпін берді. №91 мектеп ұжымы "Жас Бүркіт" және "Жас Айбын" сыныптарының оқушылары ел болашағы жолында абыроймен қызмет ететініне сенім білдіреді.
