Астанада ұрлық жасаған күдікті анықталды
Елордада полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен ұрлық қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Техника сататын сауда дүкендерінің бірінен телефонды қолды қылған ер азамат анықталды. Күдікті түс мезгілінде сауда дүкеніне кіріп, Xiaomi Redmi телефонын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі шамамен - 170 мың теңге.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Сарырқа ауданы полиция бөлімінің тәртіп сақшылары ұрлыққа қатысты деген күдікпен 40 жастағы қала тұрғынын бейнекамера көмегімен бірден анықтады. Ер адам кінәсін мойындап, телефонды иесіне қайтарды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.