Астанада ведомстволық жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне погондар табысталды
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай елорда төрінде көк туымыз көкке көтеріліп, әнұранымыз шырқалды. Салтанатты шараға Мемлекет басшысы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы деп атады. Дәл осы айтулы күні әскери шен тапсыру игі дәстүрге айналғанын атап өтіп, жас сарбаздар Отан қорғау ісін өмірлік миссия ретінде таңдап алғанына тоқталды.
– Әскери шен алу – әр сарбаздың өміріндегі маңызды белес. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов «Атақты алғаннан гөрі, оны арқалап жүрген қиын» деген. Әйгілі қолбасшының бұл сөзі сіздерге зор жауапкершілік жүктейді. Қазақ сарбазы деген атқа әрқашан лайық болыңыздар, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл күні әскери және құқық қорғау органдарының оқу орындарының 12 үздік түлегіне Президент лейтенант шенін табыстады. Полицей болуды бала кезден армандап, елге қызмет етуге бекінгендердің қатарында Санжар Жанатбай да бар. Ол ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдап отыр.
– Қарағанды академиясына түсу бала кездегі арманым болған. Ол арман менің әкемнен қалыптасты. Әкем үйге формамен келген кезде, халқына қызмет етіп жүргенін көрген кезде, әкеме келіп рақметтерін айтып жатқан кезде менде погон киюге деген үлкен мотивация пайда болды. Генерал болуды армандамайтын курсант жоқ. Сондықтан менің де ең басты арманымның бірі ол – генерал болу. Қазақстан Республикасының жаңа полициясын құру жастардың қолында деп сенемін, – деді ол.
Бүгінде тергеуші қызметіне кіріскен жігіттің бұл жетістігін ата-анасына да мақтан тұтады.
– Бүгін ұлым Президенттің қолынан лейтенант шенін алды. Соған куә болуға келдік. Енді балаларымыз Қазақстан Республикасына адал қызмет етеді деп сенеміз, – деді Жандар Жанатбайұлы.
– Ана ретінде қазақ еліне адал қызмет етеді деп сенемін. Атсалысқан барлық кісілердің еңбектері ақтала берсін. Қазақстанымыз өркендеп, көркейе берсін, – деді Гүлзира Тұрарқызы.
Курсанттарды Ішкі істер министрі Ержан Саденов құттықтады. Полиция және Ұлттық ұлан академияларын бітірушілерге ведомство басшысы ақ жол тіледі.
– Бала кезімнен арманым болды. Бүгін, міне, арманым орындалды. Курсанттарға Отанға адал қызмет атқаруды тілеймін, – деді ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі Әділет Төкенов.
Енді жас офицерлер халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет ететін болады.
Айтулы күні Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де мемлекеттік рәміздерге құрметін білдірді.