Астанада велосипед ұрлаған курьер ұсталды
Астана қаласы Есіл ауданы полиция бөлімі криминалдық полиция қызметкерлері велосипед ұрлады деген күдікпен 20 жастағы қала тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында жігіттің курьер болып жұмыс істейтіні белгілі болды. Ол түнгі уақытта сол жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің біріне тапсырыс әкелген. Үйдің ауласында қауіпсіздік құлпымен бекітілмеген велосипедті байқаған қаскүнем, жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, құны 150 мың теңге тұратын Galaxy велосипедін мініп кеткен.
Велосипедті ұрлап бара жатқан сәт ауладағы бейнекамераларға түсіп қалған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа фактілерге қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Астана қаласының полиция департаменті ұрыларға жем болмас үшін велосипедтерді қараусыз қалдырмауға және сақ болуға кеңес береді. Велосипедке ұрлыққа қарсы қауіпсіздік құлыптарын пайдалануды ұмытпаңыз. Тұрақ ретінде бейнебақылау камераларының көру аймағында жақсы көрінетін жерлерге артықшылық беріңіз.