Астанада велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктілер құрықталды
Астанада велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктілер құрықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында кәмелетке толмағандарды анықтады. Олардың кемінде 4 ұрлық фактісіне қатысы бар екені дәлелденіп, жалпы шығын көлемі 500 мың теңгеден асты.
Сондай-ақ Сарайшык ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 24 жастағы азаматты ұстады. Ол бірнеше велосипед ұрлығын жасаған. Жәбірленушілер – подъездердің жанында велосипедтерінен айырылған екі қала тұрғыны. Келтірілген жалпы шығын 300 мың теңгеден асты.
Сонымен қатар жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері жүргізген шаралар нәтижесінде велосипед ұрлығына қатысы бар 41 және 33 жастағы азаматтар ұсталды.
Олар өз кінәсін мойындады. Бұл істер бойынша жалпы шығын 350 мың теңгеге бағаланды. Оқиға орындарынан алынған бейнежазбалар негізінде күдіктілер анықталды.
Тергеу мәліметінше, ұрылар көпқабатты үйлердің подъездеріне еш кедергісіз кіріп, қараусыз қалған велосипедтерді ұрлаған.
Аталған деректер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, ұрланған мүліктер иелеріне қайтарылды.
Жыл басынан бері қала аумағында велосипед ұрлығының шамамен 280 фактісі тіркелген.
Полиция азаматтарға велосипедтерін подъездерде, дәліздерде немесе баспалдақ алаңдарында қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Тіпті қауіпсіз көрінген орындардың өзінде де мүлікке сақ болыңыздар, арнайы құлыптарды пайдаланып, велосипедті жабық жерде сақтаңыздар.