Астанада зейнеткерді алдап, телефонды қолды қылған күдікті анықталды
Астанада зейнеткерді алдап, телефонды қолды қылған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұра аудандық полиция басқармасына қала тұрғыны арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығын айтқан. Аялдамада тұрған зейнеткерге бейтаныс жігіт келіп, телефонын «қоңырау шалуға бере тұрыңызшы» деп өтінген. Ардагер телефонының қуаты таусылып бара жатқандығын айтқан. Алайда айлакер қазір сауда орталығына барып қуаттандырып аламын деп, телефонын біржола алып кеткен.
Жәбірленуші телефонын алып келеді деген сеніммен оның жолын тосып, кейін алданғанын түсініп, полиция қызметіне хабарласқан. 42 жастағы қала тұрғыны ұялы телефонды алып қана қоймай, оған тіркелген банк карточкасын пайдаланып, 140 мың теңгеге сауда-саттық жасаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері кінәлі тұлғаны анықтады. Оның бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды. Аталмыш факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.