Астанада жәбірленушінің телефоны арқылы несие рәсімдеп, алтын бұйымдарын ұрлаған азамат ұсталды
Астанада жәбірленушінің телефоны арқылы несие рәсімдеп, алтын бұйымдарын ұрлаған азамат ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полицейлер жәбірленушінің ұялы телефонын пайдаланып, заңсыз несие рәсімдеп, бағалы алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктіні ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, 30 жастағы азамат жәбірленушінің танысы болған. Ол сенімді пайдаланып, жәбірленушінің жеке телефоны арқылы банктің мобильді қосымшасына заңсыз кіріп, оның атына 630 мың теңгеден астам сомаға онлайн несие рәсімдеген. Сонымен қатар үй ішіндегі шкафтан алтын бұйымдарды жасырын түрде ұрлап, оларды ломбардқа өткізген.
Алматы аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде күдікті қолға түсіп, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ол өз кінәсін толық мойындап, несиеден келген материалдық шығынды өтеді. Ұрланған алтындар ломбардтан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлелдеме ретінде тіркелді.
Полиция азаматтарға жеке мүлік пен ұялы телефон қауіпсіздігіне мұқият болуға кеңес береді. Әсіресе мобильді қаржылық қосымшаларға құпия деректердің бөтен адамдарға қолжетімді болуына жол бермеген жөн.