Астанада жайдарман жұлдыздары студенттерді салауатты өмір салтына шақырды
Елордада "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдастыруымен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған мазмұнды әрі тағылымды іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Астана — есірткісіз қала!" акциясы шеңберінде Қ. Құлжанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттеріне арналған интерактивті алаң жұмыс істеді. Онда жастарға есірткі заттарының зияны мен салауатты өмір салтының маңызы көрнекі әрі түсінікті түрде жеткізілді.

Іс-шара аясында елімізге кеңінен танымал "Астана" жайдарман командасының мүшелері студенттермен арнайы кездесу өткізді. Танымал әзілкештер жастарды белсенді өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға үндеді.
Кездесу барысында команда мүшелері өздерінің шынайы әзілдері мен харизмасы арқылы мотивациялық әрі жағымды атмосфера қалыптастырып, студенттерге ерекше серпін сыйлады. Жастар сүйікті өнер иелерімен еркін тілдесіп, пайдалы кеңестер алып қана қоймай, салауатты әрі белсенді өмір салтын таңдауға деген ынталарын арттырды.

Сонымен қатар іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен наркология саласының мамандары сөз сөйлеп, есірткіні қолданудың салдары мен оның адам денсаулығына тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары арнайы көрсетілім ұйымдастырып, ал кинологтар қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін көрсетті.
Аталған іс-шара қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, полиция, медицина қызметкерлері және қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы жастар арасында қауіпсіз әрі салауатты ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Полиция департаменті жастар арасында есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау басым бағыттардың бірі екенін атап өтеді. Осы мақсатта құқық қорғау органдары студенттер мен жасөспірімдерге есірткі және өзге де зиянды әдеттердің қауіптілігі туралы ақпарат беруге бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуді жалғастырады.
