Астанада жалған әлеуметтік қызметкерлер кейпінде қарттардың ақшасын ұрлап кеткен
Елордада өздерін әлеуметтік қызметкерміз деп таныстырған алаяқтар қарттарды алдап, ақшаларын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрылар өз арам пиғылдарын алдын-ала жоспарлап алған. Олар «әлеуметтік қызметкерміз, коммуналдық төлем бойынша жеңілдік бар» деп зейнеткерлерді алдап, үйіне кіретін болған.
– Алдымен ұрылардың бірі үйге кіреді де, артынан есікті жаппайды. Негізінен ас бөлмесіне кіріп дәптерін шығарып, зейнеткерге әртүрлі сұрақтар қойып алдаусыратып отырған. Осы мезетті пайдаланған екінші жігіт үйге кіріп, емін-еркін құнды заттарды қолды қылады. Айталық, Есенберлин көшесінің бойындағы үйлердің бірінен олар 92 жастағы қарияның жылдар бойы жинаған 1,2 млн теңгесін алып кеткен, – дейді Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Медет Балтабек.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілерді қолға түсірді.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
– Әзірге олардың үш қылмыстық оқиғаға қатысы бары анықталды. Бірақ нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты бұл адамдардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардан полицияның «102» арнасына хабарласуын сұраймыз, – дейді М.Балтабек.