Астанада жалған нөмірмен жүрген жүргізуші анықталды
Астанада жалған нөмірмен жүрген жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу барысында полицейлер ережені өрескел бұзған жүргізушіні анықтады.
Патрульдік полиция полкінің мамандандырылған батальонының қызметкерлері Қабанбай батыр даңғылы бойында Audi автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің көлікке тағылған мемлекеттік нөмірді жасыру үшін әдейі қағаз жауып қойғаны белгілі болды.
Жүргізушінің бұл әрекеті —жалған нөмір қолдану ретінде бағаланып, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.
Материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушы 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 1 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция департаменті азаматтарға жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Жолдағы тәртіп —әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен мәдениетінің көрінісі. Заңды бұзу — тек өз өміріне ғана емес, өзгенің қауіпсіздігіне де қатер төндіретін әрекет.