Астанада жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Астанада жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Ашылу салтанатына Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, "Нұра" ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков және қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Мүслим қатысты.
Марат Төлебаев жиналған адамдарды жаңа пунктің жұмыс ерекшеліктерімен таныстырды.
Учаскелік полиция пункті әкімдіктің қолдауымен Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік жасап қамтамасыз етудің тұжырымдамасы аясында ашылып отыр. Оның негізгі міндеттерінің бірі – құқық қорғау органдарының азаматтармен өзара әрекеттесудің сервистік моделіне көшу арқылы қауіпсіз қоғам құру.
Астана қалалық полиция департаментінің бастығы аталған учаскелік пунктің жұмысы "Заң мен тәртіп" қағидатын қалыптастыруға, құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидатын сақтауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға, қызмет көрсетілетін аумақтағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ақпарат алмасуға бағытталғанын атап өтті.
Учаскелік полиция пункті халық пен полиция қызметкерлері арасында көпір болады. Бұл – халықтың өзекті мәселелерін шешуге қолайлы алаң болып, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатын және еркін пікір алмасуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Учаскелік полиция инспекторлары халықпен күнделікті тікелей байланыста болып, азаматтарға алғашқы болып көмекке келеді, олардың сұрақтарын қарастырып, шешу жолдарын табады. Олар қылмыстың алдын алып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға және тыныштығын сақтауға міндетті.
Сондай-ақ жаңа учаскелік пункт базасында күнделікті қызметке енгізу үшін цифрлық шешімдер жобалары әзірленген.
№62 учаскелік полиция пункті "Нұра" ауданында орналасқан, бұл аумақта 72 150 адам тұрады (бір учаскелік полиция инспекторына шамамен 5,5 мың адамнан келеді). Пункт Омаров көшесі, 21 мекенжайындағы тұрғын үй кешінінің бірінші қабатында орналасқан, жалпы ауданы – 135 шаршы метр.