"Жас сақшы" сыныбының оқушылары халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінің жеңімпаздарымен кездесті
Астанада "Жас сақшы" сыныбының оқушылары халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінің жеңімпаздарымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Е. Амангелдинов атындағы №60 мектеп-лицейі базасында "Жас сақшы" бейіндік сыныбының оқушылары мен UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық турнирінің жеңімпаздары арасында кездесу өтті.
Іс-шараның құрметті қонақтары – жарыс чемпиондары Айнагүл Байжігітова, Елдос Сартай және Мөлдір Атанай болды. Олар оқушыларға өздерінің кәсіби жолы, халықаралық жарыстарға дайындық барысы туралы әңгімелеп, қызметтегі командалық жұмыстың, тәртіп пен жоғары жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері жөнінде жан-жақты мәлімет алды. Сондай-ақ олар чемпиондарды халықаралық аренадағы жарқын жеңістерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Осындай тағылымды кездесулер Астана қаласы полиция департаменті тарапынан тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заң мен тәртіпке деген құрметін арттыруға және ішкі істер органдарындағы қызметті насихаттауға бағытталған.
