Астанада жасөспірім жоғалған кілтті тауып алып, көршісінің пәтеріне ұрлыққа түскен
Астанада жасөспірім жоғалған кілтті тауып алып, көршісінің пәтерінен ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, оның пәтерінен қолма-қол ақша мен алтын бұйымдарының ұрланғанын және 1,5 млн теңге көлемінде шығын келтірілгенін айтып арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, ол белгілі уақыт бұрын пәтерінің кілтін жоғалтып алған.
Нұра ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бөтеннің мүлкін жасырын ұрлады деген күдікпен 14 жастағы жасөспірімді анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғаны, кәмелетке толмаған бала жоғалған кілтті ауладан тауып алған және бірнеше күн бұрын көршісінің кілтті іздеп жүргенін білген. Жасөспірім қолайлы сәтті күтіп, жәбірленушінің үйінен гауһар тасы бар алтын алқаны, гауһар тасы бар екі алтын жүзікті, алтын сырғаны және қолма-қол ақшаны жымқырып кеткен. Қолды қылған зергерлік бұйымдарды танысы арқылы ломбардқа өткізген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған бала заңды өкіліне тапсырылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Астана қаласының полиция департаменті ата-аналарға балалардың тәрбиесі мен жүрген жерін бақылауды, оларды кешкі уақытта үйден тыс жерге жібермеуді еске салады.