Астанада жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруінің алдын алу шаралары жүргізілді
Астанада жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруінің алдын алу шаралары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жыл елімізде Ішкі істер министрлігі тарапынан "Профилактика жылы" деп жарияланды. Бұл бастама — қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе, балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі.
Осыған орай, 27-29 шілде аралығында елордада "Түнгі қаладағы балалар" атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өтуде. Бұл шараның түпкі мақсаты — жазалау емес, кәмелетке толмағандарды түрлі қауіп-қатерден қорғау, ата-аналарға өз балаларына деген жауапкершілікті еске салу және жасөспірімдерге тәртіп пен қоғамда өмір сүру ережелерін түсіндіру.
Жыл басынан бері Астана қаласында 4500-ден астам жасөспірімнің түнгі мезгілде ересектердің қарауынсыз жүргені анықталған. Мұндай жағдайлар, негізінен, ойын-сауық орталықтарында, саябақтарда, компьютерлік клубтар мен түнгі мекемелерде тіркелуде.
Полиция қызметкерлері басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ата-аналарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес заңнамалық жауапкершілік бар екені ескертілуде.
Басты басымдық — алдын алу мен тәрбиелік шараларға беріледі. Түн ішінде жалғыз жүрген әрбір бала — бұл қоғам үшін дабыл. Тәрбиенің түп негізі — отбасы. Ал ата-ана — баланың ең алғашқы және басты қорғаны.
Құрметті ата-аналар!
– Балаларыңыздың күн тәртібін мұқият қадағалаңыздар;
– 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарына, 23:00-ден кейін қоғамдық орындарға жалғыз жібермеңіздер;
– Қиындық туындаған жағдайда тиісті құзырлы органдарға жүгініңіздер.
Балалардың қауіпсіздігі — баршамызға ортақ міндет. Ал профилактика — қоғамдық тәртіптің іргетасы.