Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу шаралары жалғасуда

Астанада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу шаралары жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада прокуратураның үйлестіруімен және қала әкімдігімен бірлесіп, полиция қызметкерлері 30 күндік нашақорлыққа қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастарды есірткіден қорғап, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Іс-шаралар елорданың барлық мектептерінде, сондай-ақ бірқатар колледждер мен жоғары оқу орындарында ұйымдастырылды. Соның ішінде айрықша оқиғалардың бірі – Бейбітшілік және келісім сарайында өткен "ЖАСТАР ҚАРСЫ – БІЗБЕН БІРГЕ!" ұранымен ұйымдастырылған "ZERTTEME" антинаркотикалық форумы болды. Форумға 8 жоғары оқу орнының, 20 колледждің және 10 мектептің білім алушылары қатысты.

Жиын барысында профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, елордалық полицейлер жастарды белсенді азаматтық ұстанымға шақырды. Сонымен қатар салауатты өмір салтын қолдап, есірткіден бас тарту идеясын дәріптейтін танымал тұлғалар сөз сөйледі.

Форум тек кездесулермен шектелмей, практикалық бағыттағы жұмыстарды да қамтыды. Мәселен студенттер рейдтерге қатысып, наркограффитидің жазылуын анықтап, оны тіркеуге көмектесті. Осылайша жастар ортақ іске өз үлестерін қосты.

Полиция өкілдері мұндай профилактикалық іс-шаралар жалғасын табатынын атап өтіп, олардың басты мақсаты – жастар санасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру және салауатты өмір салты мәдениетін орнықтыру екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру