Астанада жиһаз дүкенінің сатушысы 800 мың теңгеге жуық қаражатты жымқырған
Астанада жиһаз дүкендерінің бірінде ұрлық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада жиһаз дүкенінің сатушысы 800 мың теңгеге жуық қаражатты жымқырған
Елордадағы жиһаз дүкендерінің бірінде жұмыс істейтін сатушы сатып алушылардан түскен ақшаны иесіне тапсырудың орнына, өз қажетіне жаратып отырған. Дүкен иесі қаржының жетіспеушілігін байқап, полицияға хабарласқан.
Тәртіп сақшылары жүргізген тексеру барысында күдіктінің сатылымнан түскен қаражаттың бір бөлігін конвертке салып, жасырын түрде алып кетіп жүргені анықталды. Жалпы алғанда, ол 800 мың теңгеге жуық ақшаны қолды қылған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Астана қаласы полиция департаменті кәсіпкерлерге тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау деректерінің алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес береді. Құрылыс және сауда нысандарын бейнебақылау жүйелерімен жабдықтап, күзет дабылын орнату ұсынылады.