Астанада жолаушы такси жүргізушінің телефонын ұрлап кеткен
Астанада жолаушы такси жүргізушінің телефонын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға телефоны ұрланғаны жөнінде такси жүргізушісі шағымданды. Оның айтуынша, жолаушы жолдан оны тоқтатып, белгіленген жерге апарып салуын өтінген. Кейін көліктің салонында екі орындықтың ортасындағы тіректе тұрған телефонды ұрлап, көліктен түсіп кеткен. Жүргізуші сәл уақыттан соң телефонының жоғалғанын байқап, полицияға хабарласады. Осылайша, жәбірленушіні 280 мың теңгеден аса шығынға әкелді.
Жедел-іздестіру шараларының негізінде Алматы аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 38 жастағы күдіктіні анықтап, үйінен ұстайды. Күдікті телефонды иесіне қайтарып берді.
Қылмыс бейнебақылау көмегімен ашылды.
Күдікті өз кінәсін толықтай мойындады. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.