Астанада жыл басынан бері 1200-ден астам кальян шегу фактісі анықталды
Астанада жыл басынан бері 1200-ден астам кальян шегу фактісі анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада жыл басынан бері қоғамдық орындарда кальян шегуге қатысты 1200-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Бұл фактілер полиция қызметкерлерінің рейдтік іс-шаралары барысында тіркелген.
Мысалы, жақында Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері кезекті рейд өткізіп, бір күн ішінде 7 ойын-сауық мекемесін тексерді. Тексеру нәтижесінде 9 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар ойын-сауық орталықтарының бірінде 27 жастағы келушінің қоғамдық орында кальян шеккені белгілі болды. Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті бабы бойынша хаттама толтырылып, мекеме әкімшілігіне заң талаптарын сақтау қажеттігі туралы ескерту жасалды.
Қала аумағында мұндай рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сақшылар қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салатын заңнаманы қатаң бақылауда ұстап, заң бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар қолдануда.
Астана қаласы полиция департаменті қала тұрғындары мен кәсіп иелерін заң талаптарын сақтауғажәне салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, азаматтар полицияға хабарласа алады.