Астанада жылы аялдамалардағы камералар жедел басқару орталығына қосылды
Астана қаласында қалалық мүлікті бүлдіруге қарсы шаралар күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру және цифрландыру құралдарын белсенді енгізу аясында елордада жылы аялдамаларды бүлдіру фактілерінің алдын алу бойынша шаралар күшейтілді.
Соңғы уақытта Астанада аялдама павильондарын әдейі бүлдіру деректері жиілеген. Әйнектерді сындырып, есіктерді және өзге де қалалық мүлікті зақымдауда. Осыған байланысты қала әкімдігі мен елордалық полиция бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту және нақты уақыт режиміндегі бақылауды күшейту бойынша бірқатар шара қабылдауда.
Жылы аялдамаларда орнатылған бейнекамералар кезең-кезеңімен Астана қаласы полиция департаменті жедел басқару орталығына қосылуда. Бұл жаңашылдық полиция қызметкерлеріне онлайн-мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жүйеге негізінен Сарайшық және Алматы аудандарында орналасқан 20 аялдама павильоны қосылған. Барлық жылы аялдамалардан бейнеағындарды біріктіру жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Жобаны іске асыру қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, қалалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге және вандализм үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қалыптастыруға ықпал етеді.
