Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанадағы тергеу изоляторында қамаудағылармен ашық кездесу өтті

Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен №64 мекемесінде қамаудағылармен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Астана қаласы бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл Баян Өмірзаққызы, мекеме басшылығы және бөлім өкілдері қатысты.

Қабылдаудың негізгі мақсаты — қамауда ұстау жағдайында адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, күдіктілер мен айыпталушылардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру, сондай-ақ қызметкерлер мен әкімшілік арасында гуманизм қағидаттарын және құқықтық көзқарасты қалыптастыру.

Кездесу барысында қамауда ұсталатын адамдардың санитарлық жағдайы, медициналық көмектің қолжетімділігі, сондай-ақ әлеуметтік және психологиялық қызметтермен қамтамасыз етілу мәселелері көтерілді. Әсіресе, суицидтің алдын алу және қамаудағылардың психологиялық күйзеліс белгілеріне дер кезінде әрекет ету қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Баян Өмірзаққызы адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгіну тәртібін түсіндіріп, қамаудағыларға қатысты барлық норма мен стандарттардың бұлжымай орындалуының маңыздылығын атап өтті.

Мұндай іс-шаралар мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуға, сотталғандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және әділетті әрі ізгі жазаны орындау жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру