Астанаға АҚШ-тан қыдырып келген турист полицияға алғыс айтты
Шетелдік турист Астана полицейлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғындары мен қонақтары полиция қызметіне ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жиі жеткізеді. Осындай алғыстың бірі Америка Құрама Штаттарынан келген турист Нэнси есімді 32 жастағы азаматшадан түсті.
Нэнси еліміздің бас қаласына Нью-Джерси штатынан арнайы келген. Қаланың көрікті жерлерімен танысу барысында бағыт-бағдар көрсетуде туристік полицияның көмегіне жүгінген. Полиция қызметкері Дәурен Өскенов оған елорданың көрнекі орындарын картадан түсіндіріп, әйгілі «Астана Бәйтерек» монументіне барар жолды нұсқады.
Жылы қабылдау мен кәсіби көмекке тәнті болған Нэнси полиция қызметкерімен естелік суретке түсіп, алғысын білдірді. Сондай-ақ тәртіп сақшыларына қызметтерінде сәттілік тіледі.
Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек көрсету – әрбір полицейдің басты борышы. Халықтың ризашылығы мен қолдауы астаналық полиция қызметінің маңыздылығын айқындап, олардың еңбегін одан әрі ынталандыра түседі.