Астаналық полицейлер көңіл көтеру орындарына түнгі рейд жүргізді
Астаналық полицейлер көңіл көтеру орындарына түнгі рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд барысында бір түнде 7 мекеме тексерілді, онда темекі өнімдерін, оның ішінде кальян тұтынуға тыйым салудың бұзылуы, сондай-ақ қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу анықталды.
Төрт мекемеде ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабында көзделген құқық бұзушылық фактілері, атап айтқанда, заңмен тыйым салу белгіленген орындарда кальян тұтыну анықталды. Мекемелердің кальян шегушілеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабына (Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну) сәйкес жеке тұлғаларға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Сонымен қатар екі клиентке қатысты ішімдік ішкені және қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Көңіл көтеру мекемелерінің күзет қызметін тексеру кезінде полицейлер заң бұзушылық фактілерін анықтады. Мәселен күзетші лауазымын осы жылы қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған үш азамат атқарған. Сондай-ақ бұрын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған екі адам күзетші лауазымына қабылданған, бұл «Күзет қызметі туралы» Заңның 10-бабы 6-тармағының талаптарына қайшы келеді.