Астаналық ҚАЖД қызметкерлері құрылысы аяқталмаған ғимараттан аңшы мылтығын тапты
Астаналық ҚАЖД мен ПД қызметкерлері елорданың құрылысы аяқталмаған ғимаратынан аңшы мылтығын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астаналық тергеу изоляторынан алынған жедел ақпаратты бірлесіп іске асыру барысында Астана қаласының ҚАЖД және ПД қызметкерлері елорданың құрылысы аяқталмаған ғимаратынан 12 калибрлі ИЖ-27 аңшылық мылтығын тауып, тәркіледі.
Алынған мылтық бойынша баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Департамент жедел бөлімшелерінің толық өзара іс-қимылы кезінде жыл басынан бері заңсыз айналымнан 4 бірлік атыс қаруы тәркіленді.
– Заңсыз айналымдағы қаруды табу және тәркілеу ерекше бақылауда және жалғасатын болады. Еске салайық, қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады – деп атап өтті ҚАЖД бастығы Дәулет Рақымбеков.