Астаналық қыз өзгенің ақшасын заңсыз өз шотына аударған
Астаналық қыз өзгенің ақшасын заңсыз өз шотына аударған, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының тұрғыны бөтен әйелдің телефоны арқылы өз есепшотына алаяқтық жолмен 100 мың теңге аударған. Келесі күні телефон иесі өзінің банк картасынан ірі көлемдегі қаражаттың жоғалғанын байқап, дереу полицияға жүгінген.
Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні анықтады. Ол – 25 жастағы азамат болып шықты. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындап, ақшаны ұрлағанын мойындады.
Сұрақ-жауап кезінде күдікті автобус аялдамасында бір әйелдің өзінен такси шақырып беруін өтініп, телефонын ұсынғанын айтқан. Сол сәтті пайдаланып, ол бөтен адамның ақшасын өз картасына аударып, қалауы бойынша жұмсаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта күдікті келтірілген шығынды өтеді, ал жәбірленуші оған ешқандай шағым түсірмеді.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шығуға тыйым салу және тиісті мінез-құлықты сақтау түрі таңдалды.
Құқық қорғау органдары елорда тұрғындары мен қонақтарын мұқият болуға шақырады. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері азаматтарға жеке мүліктеріне ерекше назар аударуды ұсынады.