Астаналық тәртіп сақшылары бірнеше ұрлықтың бетін ашты
Астаналық тәртіп сақшылары бірнеше ұрлықтың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астаналық полицейлер баскетбол алаңында болған ұрлық қылмысын анықтады. Алматы аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 22 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады.
Ер адамның спорт алаңынан екі рет ұрлық жасағаны белгілі болды. Қаскүнем Қажымұқан көшесінің бойындағы баскетбол алаңының жанында жүріп, жерде жатқан ОРРО телефонын көрген. Әрекетін ешкім бақылап тұрмағанына көз жеткізген ол гаджетті қолды еткен. Сондай-ақ келесі күні тағы ұрлық қылмысын қайталаған.
Ер азамат өз кінәсін мойындады. Заттай айғақ алынып, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елордада бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Сондай-ақ полицияға қала тұрғыны Қабанбай батыр даңғылындағы сауда ойын-сауық орталығының автотұрағында түскі ас кезінде белгісіз біреу оның велосипедін ұрлап кеткені туралы арызданған. Нұра аудандық ПБ-ның криминалдық полиция бөлімінң қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 26 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын анықтады. Қаскүнем тамақ тасымалдаумен айналысып жүрген азаматтың екі дөңгелекті көлігін велосипед сымын кесу арқылы иемденгені белгілі болды.
Анықталғандай6 ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған. Ол өз кінәсін мойындады. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Ол бұған дейін Тұран даңғылындағы үйдің ауласынан да велосипедті қолды еткен.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.