Астаналық тұрғын полицейлерге алаяқтардан қорғағаны үшін алғыс айтты
Астаналық тұрғын полицейлерге алаяқтардан қорғағаны үшін алғыс айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны интернет-алаяқтықтың алдын алуда жедел жұмыстар жүргізгені үшін Астана қаласы полиция департаменті қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Ер адамның айтуынша, оның ұялы телефонына мемлекеттік қызмет өкілі ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласып, атына несие рәсімделмек болғанын айтқан. Біраз уақыттан кейін екінші қоңырау түсіп, қоңырау шалған адам оның ЖСН-і арқылы алты несие өтінімі берілгенін айтып, "мәселені шешуге" көмектесуді ұсынған.
Құжат рәсімдеу сылтауымен алаяқтар қашықтан верификациядан өтуді сұраған кезде жәбірленуші күдіктене бастаған. Олар оның жеке деректері мен банк жүйелеріне қол жеткізбек болған. Өзінің алаяқтық схеманың нысанасына түскенін түсінген ер адам дереу полицияға жүгінген. Полиция қызметкерлері жедел шара қолданып, зардап шеккен азаматқа ақпараттық қолдау көрсетіп, әрі қарайғы әрекеттер тәртібін түсіндірген.
Полиция ескертеді: мемлекеттік органдардың қызметкерлері азаматтарға несие мәселелері бойынша хабарласпайды, жеке деректерді сұрамайды. Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда сөйлесуді бірден тоқтатып, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлау қажет.