Астаналықтарға жарты млрд теңге шығын келтірген алаяқ алты жылға бас бостандығынан айырылды
Астаналықтарға жарты млрд теңге шығын келтірген алаяқ алты жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада 41 жастағы әйел тұтыну кооперативін тіркеп, салымшыларды компания қызметпен заңды түрде айналысатынына сендірген. Әйел тіпті кеңсені жалға алып, әлеуметтік желілерде жарнамаларды белсенді түрде таратқан. Алаяқ «Отбасы», «50-де 50», «Тез арада бөліп төлеу» және «Жинақ» деген бағдарламаларды ойлап тауып, сол арқылы тұрғын үй сатып алуға көмектесеміз деп уәде берген.
Осылайша, инвесторлар арнайы ашық шотына ақша аударған, ал өз пайдасын көздеген алаяқ бұл активтерді кейбір инвесторлардың есебінен тарату арқылы Астана, Ақмола облысы, Ақтау және Атырау қалаларынан кезекте тұрған басқа инвесторларға баспана сатып аперген.
Осылайша ол кезегі келмей қалған 16 салымшыға жалпы сомасы 525 миллион теңгеге жуық материалдық шығын көлемінде зиян келтірілген.
Сот оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, мүлкі тәркіленіп, басшыоық қызметтерді атқару құқығын шектеумен алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталған Семей қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеу үшін келген.
– Онымен тәрбиесі бойынша, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ол тұрмыс құрмаған, кәмелетке толмаған бір ұлы бар, – дейді мекеме бастығының орынбасары Нұрым Баяхметов.