Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ат құлағында ойнап өскен шабандоз сақшы

Қызылорда облысында дүниеге келген тәртіп сақшысы Жәкен Ермек көкпардың қыр-сырымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысында дүниеге келген Жәкен Ермек бала кезінен жылқыға жақын болып өсті. Нағашы атасының ықпалымен ол ат құлағында ойнап, нағыз шабандоз ретінде қалыптасты. 

2014 жылы Ермек көкпарға қызығып, кәсіби түрде айналыса бастады. Көкпар – тек күш пен жылдамдықты ғана емес, сондай-ақ ептілік пен төзімділікті қажет ететін спорт. Ол командаластарымен бірге талай додаларға қатысып, тәжірибе жинақтайды.

Бірде көкпар ойыны кезінде ерекше оқиға орын алады. Тартысты сәтте Ермектің аты ойламаған жерден шалынып, көлденең тұрып қалады. Ол атпен бірге құлап түседі. Аты қайта көтерілгенде, Ермектің аяғы үзеңгіден шықпай қалып, ат оны сүйретіп ала жөнеледі. Бұл көріністі көргендер қатты алаңдады, бірақ Ермек суыққанды сақтап, денесін бос ұстап, үзеңгіден аяғын суырып үлгереді. 

Бұл оқиға оның көкпарға деген қызығушылығын арттыра түсті. Ол жылқыға мінудің тек күш емес, шеберлік пен ептілікті де қажет ететінін жақсы түсінді.

2019 жылы Жәкен Ермек ішкі істер органдарына қызметке орналасып, бүгінде Астана қаласы полиция департаментінде патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы болып еңбек етуде. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Көкпар мен полиция қызметінің арасында үлкен ұқсастық бар– екеуі де батылдықты, шапшаңдықты және жауапкершілікті қажет етеді. Жылқы үстінде шыңдалған полиция аға лейтенанты бұл қасиеттерін қызмет барысында да пайдаланады.

Жәкен Ермек – ұлттық дәстүрді ұлықтап, ерлік пен адалдықты бойына сіңірген азамат. Ол жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, ұлттық спортқа баулуға және қоғамға адал қызмет етуге шақырады. 

Бүгінде ол қызметін абыроймен атқарып, ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етуде. Оның өмір жолы – ұлттық спорт пен тәртіп сақтаудыңүйлесім тапқан көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру