Ата-ана міндетін дұрыс орындамаған тұрғын жауапқа тартылды
Павлодарда ата-ана міндетін дұрыс орындамаған тұрғын жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарда екі бірдей баланың бірнеше күн бойы қараусыз қалғаны туралы көршісі дабыл қақты. Ол полицияға хабарласып, іргелес пәтерде тұратын 9 және 11 жастағы балалардың екінші күн қатарынан үлкендердің қарауынсыз отырғанын жеткізген.
Хабар түсе салысымен учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналдық полиция тобы жедел түрде аталған мекенжайға жетті. Анықталғандай, балалар расында да үйде жалғыз болған. Ал аналары болса, еңбек демалысын таныстарымен бірге атап өтіп, ұл-қызын үйде қараусыз қалдырған.
– Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында олар арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталыққа уақытша орналастырылды. Қазіргі уақытта олардың денсаулық жағдайы мен психоэмоционалдық күйі мамандардың бақылауында, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Кейін балаларының анасы да табылды. Тексеру нәтижесінде оның алкогольдік мас күйде екені анықталды. Балаларды тәрбиелеу бойынша ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әйел жауапкершілікке тартылып, оның ісі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.
Полиция тұрғындарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдыру – тек заң алдында жауап беруге ғана емес, баланың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.
– Қырағылық танытып, бейжай қарамаңыздар. Уақытында жасалған хабарлама балалардың өмірін аман сақтап қалуға сеп болмақ, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 10-12 маусым аралығында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.