Ата, бала, келін: полицейлер династиясының тарихы
Сарыағаш ауданындағы Құлбаевтар отбасы — полицейлер династиясы. Атадан балаға жалғасқан абыройлы қызмет пен отансүйгіштік ұстанымы оларды ерекше етеді. Әке Нұркен Құлбаев 25 жыл бойы ішкі істер саласында қызмет атқарса, ұлдары мен келіндері бүгінгі күні қоғамдық қауіпсіздікті күзетуде. Бұл отбасы — нағыз адал қызметтің, берік отбасылық құндылықтардың үлгісі. Ендеше олардың тарихымен Polisia.kz сайтында танысыңыздар.
Сарыағаш өңірінде Құлбаевтар әулеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің тірегіне айналған отбасы ретінде кеңінен танымал. Бұл шаңырақтың тірегі, ардагер полиция капитаны Нұркен Құлбаев 25 жылдан астам ішкі істер саласында адал қызмет етіп, халық сеніміне бөленген. Қазір зейнеткерлік демалысқа шықса да, оның есімі мен тәжірибесі ұрпақтар үшін үлгі.
Құлбаевтардың отбасылық дәстүрі – әке жолын жалғастыру. Нұркеннің екі ұлы – Нұрсұлтан мен Нұрқанат та құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүр. Ата-анасынан үлгі алған ағайындылардың жұбайлары да – осы сала мамандары. Яғни, бұл отбасыда ішкі істер саласындағы қызмет нағыз династияға айналған.
Нұрсұлтан Құлбаев қазіргі таңда Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде анықтаушы болып еңбек етеді, шені – майор. Оның жұбайы Меруерт Арыстанбекова – Екінші арнайы бөлімнің инспекторы. Ал екінші ұлы Нұрқанат – Кентау қаласындағы ювеналды полиция тобының инспекторы болса, оның жұбайы Балнұр Төлегенқызы – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкері.
- Біздің отбасымыз қылмыстық істерді тергеу мен ашуда, сонымен қатар жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты сіңіруде үлгі болып отыр. Ұлдарым мен келіндерім де менің жолымды жалғап, ішкі істер саласында адал еңбек етіп жүр. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді ардагер Нұркен Құлбаев.
Құлбаевтар әулеті – құқық қорғау саласында адал еңбек пен отансүйгіштік үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Олардың еңбегі мен жауапкершілігі өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.