Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ата жолын жалғаған капитан қыз

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы қос иығына погон тағып, ерлермен қатар елі мен жерінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген арулар жайлы ақпарат ұсынбақ.

Айналасын жарқыратып, нұрға бөлеп жүрген жандардың бірі – Жанерке Ыбырайымова. Жер наурыз туғанда қайта түлеп, бір жасарып қалса, қыз баласы да көктем келгенде күн нұрынан ерекше қуат алып, өзгеше түрленіп, құлпыра түседі. Міне сондықтан болар бүгінгі шенді аруымыз Жанерке көктем мезгілін ерекше жақсы көреді.

Атасының жолын жалғастырған ару 2015 жылдан бері ішкі істер саласында қарқынды қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда полиция капитаны шенін алған ол Кадр саясаты басқармасының инспектор-психологі.

Психология саласы ең күрделі саланың қатарына жатады. Бірақ капитан қыз бұл саланың қыр-сырын терең зерттеп, зор білім жинаған нағыз маман иесі. Ол жұмыста темірдей тәртіпке бағынған қызметкер, ал үйінде әкесінің еркесі. Киелі Түркістанның аруы кейде қауырт жұмыстан шаршағанда, қолы босай қалған сәтте, ұлы өнердің жолын жалғап, қолөнермен айналысады.

Қобдишалар тоқып, кесте тігу оның ең сүйікті ісі. Бүгінгі күнге дейін бесаспап қыздың өз қолымен жасап шығарған жеке туындылары көрген адамды тамсандырмай қоймайды. Он саусағынан бал тамған Жанерке барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, әрбір қыз баласына көктемгі мезгілдей мамыражай көңіл-күй тілейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру