Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атмосфераны ластайтын көлікпен күрес басталды

Жамбыл облысында атмосфераны ластайтын автокөліктермен күрес күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі күні ауаның ластануы өзекті мәселелер қатарында және тиісті назар аударуды қажет етеді.

Ластанудың негізгі көздері – зиянды заттар шығару арқылы қоршаған ортаға залал келтіретін автокөліктер болып табылады. Соған қарамастан, құқық бұзушылар әлі де көп және Тараз қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлерімен аталған бағыттағы деректердің жолын кесу, болдырмау бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Көліктерді тексеру үшін полиция қызметкерлері газ анализаторы және түтін өлшеуіш құралдармен жабдықталған қызметтік көлікпен патрульдеу жүргізеді.

Жүргізілген іс-шаралардың бірінші күні ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабының «Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кететін автомотокөлiктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» талаптарын бұзған 13 дерек анықталды.
Аталған бапқа сәйкес екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылады, ал құқық бұзушылық екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішке дейін артады, сондай-ақ мемлекеттік нөмірді алып қою көзделген.

Бұзушылықтардың көпшілігі жолаушылар автобустарына қатысты болып отыр. Қазіргі уақытта атмосфераға зиянды заттар шығаратын осы санаттағы көліктерді азайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жүргізушілермен қатар автобус парктерінің иелері де қатаң жауапкершілікке тартылады.

Жамбыл облысының тұрғындарына көліктеріңізді экологиялық заңнама талаптарына сәйкес ретке келтіруге шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру