Атырау кинотеатрларында есірткіге қарсы жадынамалар таратылды
Атырау облысында Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіге қарсы күрес аясында маңызды іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 қараша күні Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттерімен бірге олар «Arsenal» кинотеатрының көрермендеріне арнайы жадынама парақтарын таратты.
Бұл іс-шара көпшіліктің көңілінен шыққан, көп бөлімді «SHEKER» сериалының үлкен экрандағы көрсетілімімен үйлестірілді. Жадынамаларда есірткіге байланысты қылмыстар үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы толық ақпарат пен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сенім телефондары көрсетілген.
Көрермендерге есірткінің адам денсаулығы мен өміріне тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне есірткі қылмыстарының салдары мен оларға көзделген қылмыстық жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұл бастама жастар арасында есірткіге қарсы сананы қалыптастырып, қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында маңызды қадам болды.