Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облыстық ПД бастығы жол қауіпсіздігіне қатысты жоба дайындаған жас ғалымдар мен жетекшісін марапаттады

Атырау облысының полицейі жол қауіпсіздігіне қатысты жоба дайындаған жас ғалымдар мен жетекшісін марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласындағы №41 «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Азамат Тельманұлы мен Дарын Тілекқабыл «ABAY GYLYM FEST» ауқымды ғылыми фестивалінде жол қозғалысының қауіпсіздігіне арналған жобаларын таныстырған. Қоғамның маңызды мәселелеріне бейжәй қарамай, өз білімдерін осы бағытқа бұрған оқушылардың бастамасына оң баға берген өңірдің бас полицейі Нұрхат Оразбаев бүгін оқушылар мен олардың жетекші мұғалімімен кездесіп, алғыс хаттармен марапаттады.

– Атырау облысының полицейлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үнемі профилактикалық іс-шараларды үздіксіз жүргізіп келеді. Сіздердің осындай жобаларыңыз тәртіп сақшыларының кездесулері мен таратқан ақпараттарының нәтижесі деп қуанып отырмыз. Сендерден үлгі алатын өздерің секілді оқушылар көп болсын. Ғылыми жобаларыңызды ары қарай дамыту үшін жергілікті полиция басқармасы ақпараттық, тәжірибелік қолдау көрсетеді. Осындай ынталы оқушыларды жол қозғалысының жас инспекторлары етіп тануға ұсыныс береміз – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.

Айта кетейік, рельефтік сызықтардан жасаған музыкалық дыбыстар шығаратын жол жобасы тасжолдағы автокөліктің қауіпсіздігі үшін маңызды. Қазіргі таңда Атырау облысы аумағында бар рельефтік жолақтар дыбыссыз, тек жүргізушінің қалғып кетуінен қорғайды. Оқушылар ұсынған музыкалық жол қозғалыс кезінде тактильді діріл мен дыбыстық шуды дөңгелектер арқылы көлік шанағына әуен түрінде жеткізетін жоба. Ол жер бетінде арнайы профильді қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Музыкалық жол рельефтік сызықтардан жасалады және олардан музыкалық дыбыстар шығуы үшін бір-бірінен арнайы есептелген қашықтықта орналасады.

– Музыкалық жол алыс сапарға шыққан жүргізушіні көлік ішінде әуен және діріл шығару арқылы ұйықтап кетуден сақтандырады. Мұндай жолдар өркениеті дамыған елдерде әлдеқашаннан бар. Мәселен, Данияда 1995 жылдан бері қолданыста болса, Солтүстік Корея 2006 жылдан бастап пайдаланады. Жапония 2007 жылы, ал АҚШ 2008 жылы өз тәжірибесіне енгізіп үлгерген. Осы әдістің біздің елде де тиімді жүзеге асқанын қалаймыз. Өйткені, Қазақстанда жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астам тұрғын жарақат алады екен. Республикадағы жол апаты кезіндегі өлім Норвегиямен салыстырғанда 11 есе жоғары, – дейді жоба авторлары Азамат пен Дарын.

Дүниежүзілік зерттеулерге сүйенсек, АҚШ-та жол-көлік оқиғасы азайып келеді. Бұған бір себеп музыкалық жолдың тиімді қолданылуы және барлық штатта көлікті жүргізіп келе жатып, ұялы телефонмен сөйлесуге тыйым салынған. Көлікте телефоннан бас тартудың түрлі қызықты әдіс-тәсілдері де бар екен. Жас дарындар келешекте осы бағытта тың дүние іздеп, жаңа жоба жасайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру