Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облыстық ПД-да “Атыраудың жол сақшылары” кітабының тұсаукесері өтті

Атырау облысы полиция департаментінде ерекше мазмұндағы тарихи-естелік еңбек – “Атыраудың жол сақшылары” кітабының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кітаптың авторы – ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, ІІМ жол полициясының Құрмет белгісінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Гайсин.

Іс-шараға департамент басшылығы, патрульдік полиция қызметкерлері, сала ардагерлері мен шақырылған қонақтар қатысты. Шараны департамент бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев ашып, еңбектің маңыздылығына тоқталды.

— Бұл кітап – жол сақшылары қызметінің бір ғасырлық шежіресін түгендеп, бірнеше буынның еңбегін ел есінде қалдырған құнды дүние. Дүйсенбек Тастанбайұлының еңбегі – ұжымдық рух пен кәсіби дәстүрді дәріптеген, кейінгіге өнеге болар еңбек, — деді ол.

Кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесіліп, лентаны Әбдіғани Сейдуалиев пен сала ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Салық Бекқайыров қиды.

Жаңа еңбектің алғашқы беттерінде автордың алғысөзі мен “Атыраудың жол сақшылары” атты марш-әнінің ноталары берілген. Тұсаукесер барысында марш-әннің бейнеролигі көпшілік назарына ұсынылып, көрермендер тарапынан ерекше ықыласқа ие болды. Әннің сөзін автордың өзі – Дүйсенбек Гайсин, ал әуенін белгілі композитор Еркін Нұрымбетов жазған.

Кездесу барысында сала ардагерлері жылы естеліктерімен бөлісіп, жол қауіпсіздігі қызметінің өткені мен бүгінін саралады. Автор өз кітабында есімі ерекше құрметпен аталған, қызмет бабында қаза тапқан патрульдік полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевтің анасы Ләззат Мәденқызына еңбегін өз қолымен табыс етіп, гүл шоқтарын ұсынды.

Полиция департаменті атынан авторға Алғысхат пен қазақи дәстүрге сай шапан табысталды.

— Сіздің еңбегіңіз – жас ұрпаққа өнеге, ел игілігіне қызмет ететін баға жетпес қазына. “Атыраудың жол сақшылары” кітабы – жол қызметі саласының рухын көтеріп, әріптестердің ерлігін ел есінде сақтайтын мәңгілік естелік болады, — деп атап өтті Әбдіғани Сейдуалиев.

Салтанатты жиын естелік суретке түсумен және жылы тілектермен қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру