Атырау облысы бойынша ҚАЖД-да тазалық қызметкеріне тосын сый ұйымдастырылды
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты 79-шы мекемеде көп жылдан бері тазалықшы болып қызмет атқарып жүрген Нұрсұлу Қалжанованың туған күні мен жаңа жылы ерекше көңіл-күймен атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күнделікті әдетіне сай қызмет бөлмелерінен жұмысын бастап жүрген Нұрсұлу апайдың жоспарын мекеме қызметкері Бекнұр Сейдаханұлы байқамай бұзғандай болды. Ол дәлізге бір шелек суды төгіп алғандай кейіп танытты. Мұны көрген Нұрсұлу апай бірден сол жерді жинауға кірісті. Алайда дәл сол сәтте мекеме қызметкерлері дәлізге шығып, қолдарындағы гүл шоқтары мен тәттілерін ұсынды. Бұл – ұжымның мерейтой иесін құттықтау үшін арнайы ойластырған шағын, бірақ жүрекжарды жоспары болатын.
– Деніңіз сау болсын, Нұрсұлу апай! Сіз біздің ұжымның бір бөлшегісіз, сізді құрметтейміз әрі ерекше бағалаймыз. Біздің мекеме қызметкерлері атынан осы шағын сыйымызды қабыл алыңыз, – деді мекеме бастығы құттықтау сөзінде.
Тосын сыйдан толқыған Нұрсұлу апай ұжымға ризашылығын білдіріп, осындай жылы лебіздер оның еңбек жолына үлкен шабыт сыйлайтынын айтты.
Осындай қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген құрмет ұжым арасындағы ынтымақ пен сыйластықтың жарқын көрінісі екені сөзсіз.