Атырау облысы ПД бастығы Білім күніне орай мектеп оқушыларымен кездесті
Атыраулық балалар Білім күніне орай ПД бастығының қауіпсіздік туралы ақыл-кеңесін тыңдап, кітапшалар сыйлыққа алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек – Білім күніне орай Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев №40 мектеп-гимназиясында өткен "Алғашқы қоңырау" салтанатты жиынына қатысты.
Іс-шарада департамент басшысы ұстаздар қауымын, оқушыларды және ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге жылы лебізін арнады.
– Құрметті балалар! Бүгін сіздер үшін үлкен өмірдің жаңа беті ашылып отыр. Алғашқы қоңырау – білім мен жетістікке бастайтын жолдың алғашқы қадамы. Баршаңызға жаңа оқу жылында мол табыс, жарқын жетістіктер және қуанышқа толы сәттер тілеймін. Ең бастысы – әрқашан өз қауіпсіздіктеріңізді сақтаңыздар, – деді Нұрхат Оразбаев.
Бас полицей алғашқы сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, арнайы әзірленген "Жол ережелері" тақырыбындағы бояу кітапшаларын тарту етті. Ол балаларды мектепке барар жолда мұқият болуға, тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын әрдайым қатаң сақтауға шақырды.
Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Білім күні қарсаңында қала мектептерінің маңында патрульдік жасақтардың жұмысы күшейтілді.