Атырау облысы ПД бастығы медициналық қызмет ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтады
Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев Департаментке қарасты медициналық қызмет ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Полиция департаментінің емханасы бар госпиталь облыс құқық қорғау саласының 15 мыңға адамға медициналық қызмет көрсетеді.
Госпиталь дәрігерлері мен мейірбикелері ішкі істер органдары қызметкерлері, ардагерлері мен зейнеткерлері, сондай-ақ, прокуратура, әскери бөлімше, қылмысты атқару жүйесі, Төтенше жағдай департаментінің өрт сөндіру қызметкерлері және олардың жанұялары қамтылған.
Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев Департаментке қарасты медициналық қызмет ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ІІО ардагерлері мен жеке құрамның денсаулықтары жолында аянбай, жауапкершілікпен еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғыс білдірді.
Әлемді жайлаған вирустың таралуына жол бермеу жолында тұрғындардың денсаулығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда тәулік бойы қызмет атқарған полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер қатарында департамент медициналық қызметінің де дәрігерлері мен мейірбикелері аянбай өз үлестерін қосты. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап тұрғындардың денсаулығын, қауіпсіздігін күзетуге жұмылдырылған полицейлердің денсаулығын тексеріп, әкімшілік ғимараттарында тәулік бойы екі аусымда кезекшілікте тұрып міндеттерін абыроймен атқарды.
Емханасы бар госпиталь басшысы Арман Айденовтың айтуынша, белгіленген жоспарға сай, емхана дәрігерлері қала, аудан тәртіп сақшыларының денсаулықтарын тексеріп, профилактикалық-медициналық жұмыстарды жүргізіп отырады. Ал, денсаулықтарында ауру белгілері байқалған жағдайда, оларды диспансерлік бақылауға алып, бақылап, қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады.
Департаментке қарасты бұл мекеме 25 орындық госпитальмен жабдықталған. Осында емделуге келген әрбір жан медицина қызметкерлерінің аялы алақаны мен жылы лебіздеріне, қамқорлықтарына ризашылықтарын білдіріп жатады.
Адам баласының денсаулығы үшін қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділіктің символына айналған бұл мамандық иелері – қашанда сый-құрметке лайық.