Атырау облысы ПД бастығы учаскелік полиция инспекторларының есеп беру кездесуіне қатысты
Атырау облысы ПД бастығы учаскелік полиция инспекторларының есеп беру кездесуіне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев Атырау қаласы аумағына қарасты Жұлдыз мөлтек ауданының учаскелік полиция инспекторларының есеп беру жиынына қатысты.
Айта кетейік, соңғы екі жылда карантиндік шектеулерге сәйкес мұндай жиындар тек онлайн форматта өткізіліп келген.
Есептік жиында өткен жылы бұл әкімшілік аумақта орын алған қылмыстар 32,3%-ға төмендегені айтылды. Топтасқан қылмыстар, аса ауыр қылмыс пен кәмелетке толмағандардың қылмысы тіркелмеген. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар тарапынан түскен 352 хабарламамен жұмыс жүргізген.
Жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге құрылған комиссия осы жылы 30-ға жуық бейнебақылау камералары мен қосымша 100-ге жуық жол белгілерін орнатуды жоспарлаған. Жиынға қатысқан тұрғындар жасанды жол кедергілерін орнату қажет мекенжайларды айтып, ірі жүк көліктерінің қозғалысын реттеуді сұрады.
Сондай-ақ, тұрғындарды мазалайтыны бұралқы иттердің мәселесі де көтерілді, барлық ұсыныстарды Қайыршақты округі әкімінің орынбасары Абай Жамбусинов қала әкімдігіне жеткізетінін мәлімдеді.
– Осы есептік жиынға қатысып отырғандағы басты мақсатым – халықпен кері байланыстың нық екеніне көз жеткізу. Учаскелік полиция инспекторының жұмысына беретін бағаларыңызды көру, өз аудандарыңыздағы қоғамдық тыныштық үшін қажет деген ұсыныстарыңызды тыңдау. Жұлдыз ықшам ауданы көз алдымызда қаламен бірдей дамыды. Қазір мұнда 2500-ден астам тұрғын үйі, 12 мыңға жуық тұрғын бар. Сондықтан жергілікті әкімдік, учаскелік инспекторлар жұмысы ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Тікелей тұрғындармен жұмыс істеп, қылмыстың алдын алуға және профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларының қызметі ерекше назарда. Президент тапсырмасына сай Полицияның сервистік модельін қалыптастыруда негізгі тетік те учаскелік инспекторлар арқылы жүргізілетіні анық. Қазір полицияның сервистік моделі енгізілуде. Тұрғындармен кері байланысты арттыру, қызмет сапасын көтеру, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Мұның барлығының алғашқы қадамы – учаскелік полиция инспекторларынан бастау алады. Тұрғындар өз учаскелік инспекторының қызметін және оған қандай жағдайларда хабарласу қажеттілігін білу қажет, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Қызметінің бастауы осында болғандықтан – полиция пункттерінде қордаланған мәселелер болмауы тиіс деген Департамент бастығы округтердегі пәтер ұрлығы, темір ұрлығы қылмыстарының алдын алуға бірге жұмыстануға шақырды.
Өз кезегінде жиынға қатысқан тұрғындардан Атырау облысы ПД бастығы учаскелік полиция инспекторларының жұмысына қандай баға беретінін де сұрады. Жақсы деп баға береміз деген тұрғындар арасынан өткен жылы аулада ойнап жүрген 2 жастағы баласының басынан ит тістеп сүйреп кеткен тұрғын алғысын жеткізді.
– Естеріңізде болса өткен жылы отбасымызда қиын жағдай болды. Екі жастағы баламның басының ақ сүйегіне дейін тазалады дәрігерлер, саусақтарына дейін итке таланды. Бүгін сол күні баламның тірі қалғанына себепкер болған Қанат Испусинов деген учаскелік инспекторға рақмет айту үшін келіп тұрмын. Былтыр ондай жағдайда ештеңе ойлайтын шамамыз болмады. Жедел жәрдемді күтетін уақыттың жоғын білген полицей көлігімен ауруханаға жеткізді. Бұл қиын жағдай басымыздан өтті. Енді тек барлығыңыздан осындай жағдайларды болдырмауға ықпал етулеріңізді сұраймын, – деді баланың анасы.
Жиын соңында департамент бастығы айтылған ұсыныстарды жеке бақылауына алатындығын және де жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс ретінде жеткізетінін айтты.